Президент Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды

  Президент Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды<a href="https://t.
Президент Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды
22 Ekim 2022 tarihinde DÜNYA kategorisinde yayınlandı. Google News

 

 

 

 

Жаңалықтар

Ақорда

Президент Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды

2022 жылғы 22 қазан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай Ақордада бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды.

 

Президент, ең алдымен, салтанатты шараға жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады.

– Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары мен зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасында айқын көрінді. Егемендік декларациясын халқымыздың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады.

– Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам, – деді Президент.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев «республика» сөзі латын тілінен аударғанда «ортақ іс» деген мағына беретінін атап өтіп, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылатынына тоқталды.

– Азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды. Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Сондықтан біздің осы жолдағы бағдарымыз – баршаға айқын. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасы басты ұстанымға айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, мемлекет құру тәжірибесі, тарих сыны мен заман талабы шынайы символдарды айқындап береді.

– Біздің паспорт бүкіл әлемде құрметтеледі, оған ешқандай кедергі жоқ. Қазақстан азаматтары шет мемлекеттердің визасын алып, шекараларды кесіп өтеді, қызметтік және жеке мақсатта шетелге еркін шығады. Бұл – біздің этносаралық толеранттылық пен достықты нығайту жөніндегі саясатымыздың, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті бағдарымыздың нәтижесі, – деді Мемлекет басшысы.

 

Сонымен қатар Президент еліміздің барша азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символы мемлекеттік ту екенін атап өтті.

– Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ. Біз домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Бұл – дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз. Біздің туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан,– деді Мемлекет басшысы.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір құндылық – мемлекеттік тіл екенін айтып, қазақ тілінің мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болатынын жеткізді.

– Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс еш тоқтамайды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Республика күні басты ұлттық мереке ретінде, шын мәнінде, жалпыхалықтық мейрамға айналуға тиіс. Азаматтар Республика күні идеясын зор қуанышпен қабыл алды. Президент әр өңірде салтанатты мерекелік шаралар, ғылыми конференциялар, шығармашылық байқаулар, спорт жарыстары, патриоттық, волонтерлік және қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып жатқанын атап өтіп, бізге Республика күнінің мән-маңызын барынша айшықтайтын жалпыұлттық бастамалар керек екенін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа стратегиялық бағдарымызды айқындау маңызды екенін айтып, соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынғанын жеткізді.

– Мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент Әділетті Қазақстанда экономикалық саясат азаматтардың өз қарым-қабілетін іске асыруға, отандастарымыздың тұрмыс сапасының ұдайы жақсаруына мол мүмкіндіктер мен тең жағдай жасауға бағытталатынын айтты. Сондай-ақ сот жүйесі мен құқық қорғау саласындағы реформалар жалғасады, заң мен тәртіп азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырудың негізгі факторына айналады.

– Адамдар – біздің басты байлығымыз, экономикалық және қоғамдық дамудың басты қозғаушы күші. Сондықтан біз адам әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық инвестицияны ұлғайтамыз, жастарымыз бен әлеуметтік әлсіз санаттағы азаматтарымызды жан-жақты қолдаймыз. Түптеп келгенде, біз бүкіл құндылықтар жүйесін қайта қарап, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент сөзінің соңында елдің дамуына елеулі еңбек сіңірген бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сондай-ақ руханият саласына зор үлес қосқан шығармашылық өкілдеріне Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықты тапсырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://akorda.kz/kz/prezident-respublika-kunine-oray-memlekettik-nagradalar-men-memlekettik-syylyktar-tapsyrdy-22917

 

 

 

Son Güncelleme: 22 Ekim 2022 | Etiketler: , , , , , , , , ,