Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер басшыларының «Орталық Азия – Үндістан» саммитіне қатысты
2022 жылғы 27 қаңтар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди ұйымдастырған мемлекеттер басшыларының «Орталық Азия – Үндістан» атты алғашқы саммитіне бейнебайланыс режимінде қатысты.
Сонымен қатар онлайн өткен кездесуге Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, саммит өткізу жөніндегі пайдалы әрі дер кезінде көтерген бастамасы үшін Үндістан Премьер-Министріне ризашылық білдіріп, Нарендра Моди мен үнді халқын Республика күні мерекесімен құттықтады.
Қазақстан Президенті ежелгі әрі өзіндік өркениеттің жарқын көрінісі саналатын Үндістанның егемендік алғалы бері экономикалық дамуда таңғаларлық табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.
– Бұл саммиттің Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Осы жылдар ішінде біз сындарлы саяси диалог орнаттық әрі көпқырлы экономикалық және гуманитарлық байланыстарымызды ұдайы кеңейтіп келеміз. Кең байтақ Азия аймағы орасан зор ресурстар мен зияткерлік әлеуетке ие. Мұнда маңызды көлік дәліздері мен қарқынды дамып келе жатқан нарықтар бар. Азияның әлемдік экономикадағы рөлі айтарлықтай артып, инвестиция мен капитал тартудың жаһандық жаңа орталығына айналып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, бұл өзара тиімді ынтымақтастықтың қолайлы мүмкіндіктерін жүзеге асыруға, ең алдымен, сауда-саттықты жандандыруға кең жол ашады. Атап айтқанда, Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 2020 жылы 3 миллиард долларға жеткен. Осы ретте Қазақстанның үлесі 80 пайызды құрады.
– Бірақ қазіргі көрсеткіштер біздің экономикалық әлеуетіміздің жиынтығына әлі де сай келмейді. Менің ойымша, «Орталық Азия елдері – Үндістан» саммиті сияқты диалог алаңдары елдеріміздің қарқынды дамуына, сондай-ақ жаңа сын-тегеуріндер мен тәуекел-қатерлерге лайықты төтеп беруге септігін тигізеді. Осыған байланысты табысты пікір алмасудың бірегей форматы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты сапалы әрі жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіне сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы «Орталық Азия елдері – Үндістан» диалогының маңызды бағыттары бойынша өз пікірін ортаға салды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және көлік-транзит қатынастарын жолға қою мәселелері басты басымдыққа ие болуы керек екенін айтты.
Атап айтқанда, Президент көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берді. Бұл бағыт бойынша Орталық Азияның әлеуеті зор.
Мемлекет басшысы Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтетінін, оның бесеуі теміржол және алтауы автомобиль бағыттары екенін атап өтті. Бұл жолдар Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы жүк қозғалыстарының жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Президент Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кеден жүйесі аясында Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы өтетін солтүстік батыс және оңтүстік батыс бағытындағы транзиттің мүмкіндігіне назар аударды.
– Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы қарым-қатынастар архитектурасының негізгі элементі сенімді, тиімді әрі қауіпсіз транзитті инфрақұрылым қалыптастыратынына сенімдімін. Ол үшін аймақаралық көлік-логистикалық консорциум құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл құрылым Үндістан, Каспий теңізі мен Парсы шығанағы бағыттарындағы көлік бағдарларының толыққанды әрі өзара тиімді жүктемесіне қатысты ұлттық саясаттарды үйлестіруге ықпал етер еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті өзара тауар айналымын арттыру мақсатымен күш біріктіруді диалог аясындағы тағы бір басымдық ретінде атады. Сондай-ақ Үндістанның сыртқы сауда айналымындағы Орталық Азия елдерінің үлесі бір пайызға жетпейтінін айтты. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан тарапының сауда және өнеркәсіп министрлері деңгейінде сауда-экономикалық платформа құру туралы бастамасын қолдады.
– Қазақстанда іс жүзінде бірлесіп жүзеге асыру үшін қажеттінің бәрі бар. Атап айтқанда, біз 610 миллион доллар болатын 80 тауардың тізімін жасадық, оны жақын арада Үндістан тарапына жібере аламыз. Үндістанның Қазақстанға шығаратын экспортын кеңейту мүмкіндігін де қарастыруға дайынбыз. Осыған байланысты мен әр елдің бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, Сауда көлемін арттыру жөнінде жоспар әзірлеуді ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент өзара инвестициялардың көлемін арттыру қажет екеніне тоқталды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы уақытта барлық инвестициялық міндеттемелерді мүлтіксіз және толық орындайтынына сендірді. Инвестициялық ахуалдың жақсаруы Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының негізі саналатын экономикалық саясаттың құрамдас бөліктерінің бірі екенін баса айтты.
– Біз тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, денсаулық сақтау және фармацевтика сияқты перспективті салаларға инвестиция тартуға мүдделіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азық-түлік нарықтарының тұрақтылықтығын қамтамасыз ету мәселесін өзекті деп санайды. Оның пікірінше, диалог аясында агротехникалық және ғылыми-инновациялық ықпалдастықты нығайту шараларын әзірлеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлерінің консультацияларын тұрақты түрде өткізу маңызды.
Бұдан бөлек, Президент экономиканы цифрландыру мәселесіне де тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздің осы саладағы әлеуеті туралы айта келе, жасанды интеллектіні енгізу, Big Data, интернет заттар, онлайн-коммерция және кибер қауіпсіздік, сондай-ақ елімізде телекоммуникациялар және электронды өнеркәсіп, электронды техникалардың жиынтық бөлшектерін шығару саласындағы зертханаларды ашу сияқты бірқатар маңызды бағытты атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға әзір екенін растап, үндістандық серіктестерді Қазақстан нарығына шақырды.
– Қазақстан халқына Жолдауымда 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT-мамандарын даярлау міндетін жүктедім. Осыған байланысты, Үндістанның IT және инженерлік кадрларды даярлаудағы тәжірибелері қызығушылық тудырады. Сөзден іске көшу мақсатымен Халықаралық Astana Hub IТ-стартаптар технопаркінің базасында Bagmane Технологиялық паркімен және Үндістанның басқа да IT саласындағы алпауыттарымен бірлесе отырып, Орталық Азияға арналған инженерлік кеңсе мен ақпараттық технологиялар мектебін ашуды ұсынамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қауіпсіздік мәселелеріне арнайы тоқталды. Президент әлемде болып жатқан оқиғалар терроризмнің, экстремизм және трансұлттық қылмыстардың қатер төндіріп отырғанын айтты. Бұл жағдайда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес қызметінің өзектілігі арта түседі.
– Кеңестің әлеуеті мен мәртебесін нығайтуда Үндістанның рөлі зор. Биыл Азиядаға өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мерейтойлық саммиті өтеді. Моди мырза, Сізді, Қазақстанның елордасында көремін деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдағы саммиттің күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарына ауған проблемасы да енгізілетінін айтты.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, жоғары деңгейдегі кездесулердің осындай форматы аймақтық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді шешу үшін тиімді алаңға айналатынына сенім білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары «Орталық Азия – Үндістан» атты алғашқы саммиттің Декларациясын қабылдады.
Кері қайту Кері қайту
kaynak:https://www.akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-memleketter-basshylarynyn-ortalyk-aziya-undistan-sammitine-katysty-270106