Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті 2022 жылғы 21 қаңтар <img src="https://efsanegazete.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті
22 Ocak 2022 tarihinde SPOR kategorisinde yayınlandı. Google News

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті
2022 жылғы 21 қаңтар

Мемлекет басшысы жуырда Бейжің қаласында өтетін ХХІV қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының барша спортсүйер қауым үшін айтулы оқиға екеніне тоқталып, Қазақстан осы сайысқа ең үздік спортшыларын аттандыратынын атап өтті.

– Дүбірлі додада ел намысын қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында талай рет жеңіс тұғырына көтерілді. Көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Сондай сәтте әрбір азаматымыздың кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Сіздер алдағы сайыста халқымыздың сенімін ақтайсыздар деп сенемін, – деп жігерлендірді Президент.

 

Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақстан атлеттерінің қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жалпы 2 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль олжалағанын атап өтіп, Олимпиада тарихында есімдері алтын әріппен жазылған Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сынды спортшылардың даңқты жеңістері азаматтарымыздың патриоттық сезімін арттырғанын айтты.

– Алдағы Олимпиадада сіздер де лайықты өнер көрсететіндеріңізге сенімдімін. Паралимпиадашылар үшін де маңызды сәт жақындады. Елімізде инклюзивті қоғамды дамыту жолында Паралимпиада ойындарының маңызы зор. Қазақстандық паралимпиадашылардың жеңістері – мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Өкінішке қарай, біздің спортшылардың соңғы дайындық күндері қаңтардағы қайғылы оқиғалармен тұспа-тұс келді. Ең бастысы, ынтымақ пен бірліктің арқасында біздің халқымыз мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін лаңкестікке лайықты тойтарыс бере алды. Біз бүкіл ел болып ұлттық құрамаға жанкүйер болатын жарыс күндері де жалпыұлттық бірлігімізді көрсететінімізді білемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент спортшылардың Олимпиада жолдамасы жолында жанкештілікпен еңбектенгеніне тоқталып, олардың кәсіби тұрғыдан жетіле түсуіне бар күшін салған бапкерлердің де еңбегін атап өтті.

– Енді туыстарыңыз бен жақындарыңыздың ғана емес, миллиондаған қазақстандық жанкүйердің үмітін ақтау керек. Сіздердің жеңіске деген жігерлеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спорты әрдайым еліміздің басым бағыты екенін айтты. Былтырдан бастап өзінің тапсырмасына сәйкес спорт саласындағы мемлекеттік тапсырыстар бойынша жан басына қаржы бөлу іске қосылғанына тоқталды.

– Бұл шешім спорт секциялары мен аула клубтарының дамуына тың серпін берді. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылды Балалар жылы деп жарияладым. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғам күш біріктіруі қажет. Қолға алынған осы іс-әрекеттер балаларымыздың денсаулығын нығайтуға, оларды рухани, адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуге септігін тигізеріне сенімдімін, – деді Президент.

Кездесу соңында Олимпиада құрамасының капитаны Абзал Әжіғалиев пен Паралимпиада құрамасының капитаны Александр Герлиц Президенттің қолынан Мемлекеттік ту алып, ант берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың көк туымызды Олимп шыңына шығарып, мемлекетіміздің мерейін көтере беруіне тілектестік білдірді.

Kaynak:https://akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-kazakstannyn-olimpiada-zhane-paralimpiada-ulttyk-kuramalarynyn-mushelerimen-kezdesti-210752

Son Güncelleme: 22 Ocak 2022 | Etiketler: , , ,